Сотталғандар PlayStation ойнаған: Павлодарда колониядағы тексерістен соң қылмыстық іс қозғалды

09.10.2026 07:59 · Персонально

Сотталғандар PlayStation ойнаған: Павлодарда колониядағы тексерістен соң қылмыстық іс қозғалды

Павлодарда прокурорлар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі режим талаптарының сақталуы және тыйым салынған заттардың мекемеге жеткізілу арналарының анықталуы бойынша тексеріс жүргізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық прокуратураға сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның ресми сайтында хабарланғандай, мекемелердің біріндегі үй-жайдан 15 смартфон, 6 Wi-Fi-роутер, сымсыз және сымды құлаққаптар, USB-кабельдер, флеш-карталар, Sony PlayStation ойын приставкасы және басқа да заттар анықталып, тәркіленді.

Аталған заттарды сотталғандарға сақтауға және пайдалануға тыйым салынған. Осы факті бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 371-бабы (салғырттық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.

Қазіргі уақытта тыйым салынған заттардың режимдік объектіге қалай түскені, оларды ішке өткізу арналары және оған қатысы бар тұлғалар анықталуда.

Прокуратура Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейтінін мәлімдеді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Источник: Nur.kz · Эльмира Асқарқызы