18 қыркүйекте журналист әрі қоғам белсендісі Әйгерім Тілеужанның достары, белсенділер Абзал Достияр мен Дәурен Достиярға Жауғаштыдағы түрмеде онымен қысқа мерзімді кездесуге рұқсат берілмеген. Олар бұған дейін өздерінің YouTube-арнасында Әйгерім Тілеужанмен кездесуге түрме басшылығының кедергі келтіруінің астарында саяси себеп бар екенін айтқан еді.
Ulysmedia.kz Тілеужанның анасына хабарласып, қызының қазіргі жағдайын білуге тырысты. Ал кездесуге рұқсат берілмеу себебін Әйгерімнің адвокаты мен Абзал Достиярдан сұрадық.
«Қызымның денсаулығы жақсы емес»
Журналист әрі азаматтық белсенді Әйгерім Тілеужанның анасы Шекерхан Мырзаханова Семейден қызымен кездесу үшін Алматыдағы Жауғашты әйелдер түрмесіне келіп тұрады. Айтуынша, ол соңғы рет қызымен бірге екі күн қонып, жағдайын біліп қайтқан.
«Қызыммен соңғы рет осы жылдың 13-14 қыркүйегінде Жауғаштыға ұзақ мерзімді кездесуге барып, екі күн қасында қонып қайттым. Жалпы, қызымның жағдайы мен көңіл күйі жақсы. Дегенмен денсаулығы жүз пайыз жақсы деп айта алмаймын. Сол түрмедегі өздерінің ауруханасына барып, керекті ем-домдарын алып жүр екен. Нақты бір жері ауырады деп айта алмаймын, жалпы ағзасында қаназдық пен әлсіздік бар, үнемі басы айналады. Мені мұңайтпайын деп өзін жақсы ұстайды ғой, дегенмен түрменің аты – түрме. Сол кездесуде ол маған Абзал мен Дәурен Достиярмен кездескісі келетінін, оларға айтары бар екенін айтты. Мен оларға Әйгерімнің сәлемдемесін жеткіздім», – деді Шекерхан апа.

Тілеужанның кездескісі келетінін естіген ағайынды Абзал және Дәурен Достияр араға екі-үш күн салып, 18 қыркүйекте қысқа мерзімді кездесуге келеді. Алайда оларды бұл жолы колонияға кіргізбей, кері қайтарған.
«Басшылықтың шешімі, жоғарыдан сұраңыз»
Ulysmedia.kz тілшісі Абзал Достиярға хабарласып, түрме басшылығының кездесуге не себепті рұқсат бермегенін сұрады.
«Біз бауырым Дәуренмен бірге Жауғаштыға бардық. Әне-міне кіреміз деп жүргенде, түскі сағат 12:30 шамасында Дәурен екеуімізге Әйгеріммен кездесуге болмайтынын түрме қызметкері жеткізді. Кейін түрме бастығының бірінші орынбасары Темірлан Алмазұлы мені жеке сөйлесуге шақырып, Әйгерімге туыс емес екенімізді айтып, кездесуге кіргізбейтінін айтты. Мен бұған дейін, 2024 және 2025 жылдары Әйгеріммен екі сағаттық кездесулерге кіргенімді айттым. Заңда қысқа мерзімді кездесуге кіру үшін міндетті түрде туыстық қатынас болуы керек деген талап жоқ екенін ескерттім. Ол кісі мұны растағанымен, «түрме басшылығы осылай шешті» деп қысқа қайырды. Нақты жауап ала алмаған соң, түрме бастығы Айзада Александрқызына да жолықтым. Бірақ ол кісі де кездесуге не себепті кіргізбейтіндерін нақты түсіндірмей, «жоғарыдан сұраңыз» деген жауаппен шектелді. Шынымды айтсам, болған жағдай мен үшін түсініксіз», – деді Абзал Достияр.

ІІМ не дейді?
Осы жағдайдан соң Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханова ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №10 мекемесіне болған жағдайды түсіндіруді сұрап, өтініш жолдаған.
Комитет өз жауабында Абзал және Дәурен Достиярдың Тілеужанмен кездесе алмауына сол күні кездесуге келгендер санының көп болғанын және Әйгеріммен кездесуге келген азаматтардың түрме аумағында фото-бейнетүсірілім жасағанын себеп ретінде көрсеткен.
«Сотталған Тлеужанова А.К.-мен кездесуге келген кейбір адамдар белгіленген келушілер санының асып кетуіне байланысты қысқа мерзімді кездесуге жіберілмеген. 2026 жылғы 18 қыркүйекте Тлеужанова А.-мен қысқа мерзімді кездесуге келген туыстары мен өзге де адамдарға мекемеге кіру тәртібі, режимдік аумақтағы мінез-құлық ережелері және қысқа мерзімді кездесулерді беру тәртібі түсіндірілген. Алайда сотталғанның туыстары сотталғандардың қауіпсіздігі мен күзетін қамтамасыз ететін объектілерді және қызметтік міндеттерін атқарып жүрген мекеме қызметкерлерін фото және бейнетүсірілімге түсірген. ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 32-бабы 4-тармағына сәйкес, мұндай объектілерге қатысты кино-, фото- және бейнетүсірілім құралдарын пайдалануға мекеме әкімшілігінің рұқсатымен ғана жол беріледі. Мекеме қызметкерлерінің ескертуіне қарамастан, аталған адамдар бейнетүсірілімді жалғастырған. Мекеме бұл әрекеттерді белгіленген тәртіпті бұзу және қауіпсіздік режимін қамтамасыз етуге кедергі келтіретін әрекет деп бағалаған. Қызметкерлердің заңды талаптарын орындамағандықтан, өзге адамдарға қысқа мерзімді кездесуге рұқсат берілмеген», – делінген ҚАЖ комитетінің жауабында.
Алайда адвокат Айнара Айдарханова ҚАЖ комитетінің жауабын негізсіз деп санайды.
«Әйкерімге екі адамды – Абзал мен Дәурен Достиярды кіргізбеген. Оларды не себепті кіргізбегенін нақтылау үшін тиісті сауал жолдадым, бүгін мекемеден осы сауалға жауап алдым. Олар өз жауаптарында сол күні мекемеде адамдар санының шамадан тыс көп болғанын және келгендердің фото-бейнетүсірілім жасағанын, яғни оған тыйым салынғанын айтып отыр. Осы себептерге байланысты оларды кездесуге кіргізбегенін көрсеткен. Бірақ меніңше, бұл кездесуге кіргізбеуге жеткілікті негіз емес. Өйткені біздің Кодексте мұндай негіздер көрсетілмеген. Біз бұл жауапты бүгін таңертең ғана алдық. Енді осы жауапқа белгіленген тәртіппен шағымдану керек пе, әлде тиісті инстанцияларға жүгіну керек пе – соны қарастырамыз», – деді заңгер.
«Әйгерім мені босқа шақырмады»
Ал Абзал Достияр бұл кездесуге кедергі келтірудің астарында саяси себеп бар деп есептейді.
«Бізге комитеттің жауабында адам көп болды дейді. Ол жерде негізінен бес кабина бар, топырлап жатқан адам жоқ. Қысқа мерзімді кездесуге небәрі үш адам ғана келіп тұрды. Ал фото-бейнетүсірілім жасады дегенге келер болсақ, мен бастапқыда кездесуге келген кезде ештеңе түсірмей тұрдым. Ақырында, олар мені себепсіз сол сәтте кездесуге кіре алмайсың деген соң ғана телефонымды шығарып, түсіре бастадым. Ондағы ниетім – мән-жайды анықтап, кездесудің болмау себебін анықтау еді. Сондықтан бұның саяси астары бар деп ойлаймын. Өйткені Әйгерім мені босқа шақырмады, оның маған бір айтары болды», – дейді Достияр.
Сонымен қатар, адвокат Тілеужанның жаза мерзіміне қатысты да пікір білдірді.
«Егер сот үкіміне қарайтын болсақ, оның жазасының мерзімі келесі жылдың наурыз айында аяқталады», – деді Айдарханова.
Анасының айтуынша, қазіргі бар тілегі – қызының аман-есен бостандыққа шығуы.
«Бар тілегім – қызыма ештеңе болмай, аман-есен бостандыққа шықса екен деймін. Түрмеге барған сайын жүрегім ауырады. Артық сөздің, әңгіменің қажеті жоқ, бар тілегім – қызым ғана. Жазықсыз отырғанын көру оңай емес. Сөзіне қарасам, бұған дейін тыныш еді, қазір ішіндегілер әр нәрсені сылтау етіп тиісетін көрінеді. Ақпан немесе наурыз айында шығып қалар деп күтіп отырмыз», – деді Шекерхан апа.
Еске сала кетейік, 2023 жылы Әйгерім Тілеужан «Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алу» ісі бойынша төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Қазір ол жазасын Алматы облысындағы Жауғашты әйелдер түрмесінде өтеп жатыр.
Автор: Перизат Жарылқасын
Источник: Ulysmedia · Ulysmedia
